Мүмкіндігі шектеулі 176 бала білім алатын оқу ордасы соңғы рет 2008 жылы күрделі жөндеуден өткен екен. Биыл жергілікті бюджеттен қалпына келтіру жұмыстарына 3 млн. 685 мың теңге бөлініп, ғимараттың шатыры жаңартылды.
Ирина Гладышева, №13 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
-Біздің мектептің шатыры 10 жылдан бері жөндеу көрмеген еді. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа көп іс тындырдық. Жаңбыр жауғанда химия, ағылшын, математика сыныптарының төбесінен су ағып тұратын. Енді бәрін жаңаладық. Бұл ең алдымен балалар үшін қолайлы деп ойлаймын.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мектептің күрделі жөндеу жұмыстары жуырда ғана аяқталған. Дәл қазір ғимараттың іші жинастырылып, кіре беріс есіктер сырланып жатыр. Былтыр мектепке жаңа жиһаз алу үшін жергілікті бюджеттен 4 млн. 96 мың теңге бөлініпті. Ағымдағы жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға жаңа биология кабинеті ашылып отыр. Сонымен қатар №13 орта мектептің ішінде балғындарға арналған шағын орталық та жұмыс істейді. Онда 14 бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбие алуда.
Дина Баймақышева, №13 орта мектеп директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары:
– Жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа мектептің ішін түгелдей күрделі жөндеуден өткіздік. Су ағып тұратын төбелерді сыладық.
Ғимараттың жылыту жүйесі де назардан тыс қалмаған. Жаңа құрылғылар сатып алынып, кіріс пен шығыс желілері ауыстырылған. Биыл жаңа кейіпке енген мектептің табалдырығын алғаш рет 17 бала аттамақ. Оның 5-і мүмкіндігі шектеулі жеткіншектер.
Гүлбану Ахметова