Мир көшесі, 138 мекен-жайындағы тұрғын үйде жөндеу жұмыстарының басталғанына бір апта болыпты. Бүгінде баспананың шатыры мырышпен қапталған полимерлі қаңылтырмен толығымен жаңартылып жатыр. Осы үйге қарасты жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы Геннадий Тараниннің сөзіне қарағанда, бұдан өзге үйдің жиектерін бекіту, жылу есептегіш құралдар мен подъездерге пластикалық терезе орнату да көзделіп отыр.
Геннадий Таранин, «Мир көшесі, 240,238» ПИК төрағасы:
– Бұл жұмыстардың құны 25 млн 280 мың теңгені құрап отыр. Тұрғындардың көпшілігі бұған өздерінің оң көзқарастарын білдірді. Ал қысқы маусымға біз осы бастан дайынбыз деп айтуға болады.
Осыдан 43 жыл бұрын салынған үйде барлығы 90 пәтер бар. Тұрғындарының басым көпшілігі зейнеткерлер екен. 40 жылдан бері осы үйде тұрып жатқан Раиса Синикова тұратын жайларының жылдан-жылға жақсарып келетінін айтады.
Раиса Синикова, үй тұрғыны:
– Біз Елбасының тұрғын үйді жөндеуден өткізуге байланысты бағдарламасы бар екеніне қуаныштымыз. Әсіресе, жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы Геннадий Таранинге деген алғысымыз шексіз. Ол бізге сәуір айынан бері осы бағдарламаның артықшылықтарын айтып, түсіндірумен келеді.
Шамамен алғанда әрбір пәтер иесі жасалып жатқан жұмыстар үшін 250 мың теңге көлемінде ақша төлеуі тиіс. Ал оны өтеу мерзімі – 7 жыл. Қалпына келтіру жұмыстарын «Ассени» ЖШС шеберлері жүргізуде.
Руслан Есмағамбетов, «Ассени» ЖШС шебері:
– Дәл қазіргі уақытта шатырды жөндеп жатырмыз. Оған 10 адам тартылған. Осы кезге дейін 20 метр аумақты қаптап үлгердік. Шатыр бойынша жөндеу жұмыстарын тамыз айында аятауды жоспарлап отырмыз.
Осы уақытқа дейін облыс орталығында барлығы 100-ден артық тұрғын үй қысқы маусымға дайын.
Әспет Әбдірешова