Нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы халықаралық күрес күні 1987 жылдан аталып өтілуде. Бүгінде БҰҰ мәлеметтеріне сүйенсек, дүние жүзінде 200 млн-дай адам есірткіге тәуелді. Ғаламдық мәселеге айналып, сананы улайтын бұндай дертпен халық болып күресу керек. Петропавлдықтар да ортақ мәселеге үн қосып, наразылық акциясын өткізді.
Ермек Әміржанов, СҚО ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы:
– Нашақорлыққа қарсы күрес күні елімізде дәстүрлі түрде жыл сайын аталып өтіледі. Бұл шара барысында есірткінің адамзатқа тигізетін зияны жайлы айтып, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз.
Наразылық акциясы барысында салауатты өмір салтын ұстанушы «Солтүстік шекара» көңілді тапқылар клубының командасы жеңіл-әзіл қалжыңдарымен өз қатарластарын зиянды әрекеттерден аулақ болуға шақырса, «Алирус» жас әншілер дуэті ән айтып, жұртты өзіне еліктіре білді.
Константин Фукс, «Солтүстік шекара» КТК командасының мүшесі:
– Біздің команданың барлық мүшелері есірткіге қарсы. Құрама үшін басты мақсат – әзіл-қалжыңмен жастарға көңіл-күй сыйлай білу. Сондықтан өскелең ұрпақты зиянды қылықтырдан аулақ болуға үндеймін.
«Дені сау ұрпақ – еліміздің болашағы» наразылық акциясы белсенді жастарды бір шаңырақ астына жиды. Өз өміріне салғырт қарамайтындардың қатарында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Арман Қонаев та бар.
Арман Қонаев:
– Мен нашақор емеспін, нашақор болған жоқпын және болмаймын. Жастарды спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын.
Ал арнайы қабырғада «Есірткіге жол жоқ» деген ұранды ұстанушылардың әрбірі өз қолтаңбасын қалдыра алды. Муниципалдық телеарнаның тілшілері де бұл үндеуден тыс қалмады.
Әсел Күшенғалиева