Жаз уақытында шетелде демалатындардың саны артатыны белгілі. Кеден бекетінен өту кезінде түсініспеушіліктер туындамас үшін азаматтар бірқатар заң талаптарын білуі қажет дейді кеденшілер.
Әсемгүл Исина, СҚО бойынша кедендік бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:
– Кеден одағынан басқа елдерге вексель немесе жол чегі түріндегі қаржы және қолма-қол ақша алып шыққанда 10 мың АҚШ долларынан артық болмауы қажет. Егер тіпті 10 мың 10 доллар болса да, 10 долларын заңды түрде рәсімдеу керек.
Кеден одағына енетін Ресей мен Белоруссия арасындағы кеден бекетіндегі тәртіп өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда ыңғайлы. Мысалы, Кеден одағында алынған автокөлікке елге кірерде баж салығы салынбайды, көлік иесі тек қосымша құн салығын төлейді. Осындай жеңілдік азық-түлік, киім-кешек тасымалдауға да қатысты. Ал өзге елден Қазақстан азаматы тек өзінің жеке пайдалануына қажет тауарды ғана рәсімдемеуіне мүмкіндігі бар.
Әсемгүл Исина, СҚО бойынша кедендік бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:
– Өзімнің жеке пайдалануыма деп екі тонды немесе 300 пар шұлықты әкеле алмайсыз. Себебі, бұл жерде өзіңнің жеке пайдалуыңа ма әлде коммерциялық мақсатта әкеле жатырсыз ба, ол көрініп тұрады.
Сондай-ақ, кәмелет жасқа толған азаматтың өзімен бірге ішімдіктің 3 литрін және темекінің де белгіленген мөлшерін ғана алуға мүмүкіндігі бар.
Әсемгүл Исина, СҚО бойынша кедендік бақылау департаменті бөлімінің бас маманы:
– Ұлттық тағам қазы, қарта, шұжықты сыйлық ретінде шетелге өткізгісі келетін адамдар арасында сұрақ туындап жатыр. Егер де ет шектеулі нормадан көп болған жағдайда сол жерге санитарлық-ветеринарлық қызмет мамандары шақыртылады. Бұл кеден органдарының құзыретіне жатпайды.
Жолаушы дәрі-дәрмектің 500 грамын алуға құқылы. Ал жануарларды шетелге шығару үшін ветеринарлық қызметтің арнайы рұқсат қағазы қажет. Декларация толтыру барысында флеш-картаны да көрсеткен дұрыс дейді кеденшілер. Егер ақпарат тасымалдаушы құралдың ішінде террористік бағыттағы немесе қоғамға қауіп тудыратын басқа да мәлімет табылған жағдайда флеш-карта тәркіленіп, ұлттық қауіпсіздік комитетіне тексеруге жіберіледі екен.
Данаш Хамзина