Балалар

Президент шыршасы

Жаңа жыл – баршаның сүйікті мейрамы. Әсіресе балалар бұл кезде ғажайыпқа сеніп, ең ізгі тілектерін жолдайды. Бүгін  Президент  шыршасына  жиналған     оқу озаттары, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы отбасыларда өсіп жатқан  – барлығы 150 бала ертегі әлеміне түскендей болды.
Әр алуан жаңажылдық костюм киген балғындар ғажайып мерекені асыға күтуде. Түрлі жануарлар, ертегі, мультфильм кейіпкерлерінің бейнесіндегі балалар кештің көркіне айналды. Араларында 2010 жылдың нышаны  – барыс пен келе жатқан жыл иесі – қоянды кездестіруге болады. 2011 жылдың басты оқиғасы – Азиаданың нышаны да ұмыт қалмаған. Ал Архангелка балалар үйінің тәрбиеленушісі Махаббат Сапуанова шыршаға ханшайым бейнесінде келіпті. Жаңа жыл – оқушының сүйікті мейрамы екен. Ең жарқын мерекені жыл сайын тағатсыздана күтемін дейді Махаббат .

  Махаббат Сапуанова, Архангелка балалар үйінің тәрбиеленушісі, Қызылжар ауданы:
Жаңа жылды өте жақсы көремін. Себебі көп сыйлықтар болады. Үлкен қуаныш, көп күлкі әкеледі. Көп дайындаламыз.

Ал Есіл ауданынан келген Наурызбек Иманбеков Елбасының шыршасына қатысқанына аса қуанышты. Биыл оның көп арманының біреуі орындалған көрінеді.

Наурызбек Иманбеков, Николаевка орта мектебінің оқушысы, Есіл ауданы:
Президенттің шыршасына келгеніме өте қуаныштымын. Осы шыршаны ұйымдастырғандарға алғысым шексіз. Бүгін балалармен таныстым, көп достар таптым.


“Менің болашағым – менің Қазақстаным”. Жаңажылдық мереке осылай аталыпты. Еліміздің кішкентай азматтары бұл кеште экран арқылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңажылдық құттықтауын тыңдады. Елбасының жүрекжарды лебізіне еліміздің түкпір-түкпіріндегі балғындар құлақ түрді.  Өскелең ұрпақ жақсы білім алуға ұмтылу керек. Сонда ертең болашағы жарқын болып, ел игілігіне қызмет етеді. Бүгінде мемлекет тарапынан жас ұрпақтың жақсы оқуына барлық жағдай жасалған.Жаңа жылмен балаларды облыс әкімі Серік Біләлов  құттықтады. Елбасының атынан жаңажылдық кеште барлық кішкентай қонақтарға сыртқы және спорттық киім-кешек, мектепке қажетті құрал-жабдықтар, ойыншықтар мен тәттілер толған қоржын тарту етілді. Әдемі безендірілген сахнада өңіріміздің өнерлі балалары ән айтып, би билеп, мерекені қыздыра түсті. Мерекелік театрландырылған көрініс жасалды. Жаңа жыл Аяз Ата мен Ақшақарсыз өткен бе? Атасы мен немересі қосылып, кішкентай достарын жаңа жылмен құттықтауды ұмытпады. Бұдан кейін мерекенің көркі – шырша жағылды. Жүздері бал-бұл жанған бүлдіршіндер шыршаны айналып, ән айтты. Кезек ойындар мен байқауларға да жетті. Дәстүр бойынша “Ең үздік жаңа жылдық костюм” анықталып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды. “Гусар” бейнесінде келген Ерлан Тұрлыбеков үшінші орынды жеңіп алды.  Жаңажылдық кеш өңіріміздің әр бұрышынан келген бүлдіршіндер үшін ұмытылмас мереке болды. Шыршаға келген балғындар облыс әкімімен естелік суретке түсті. Мереке мұнымен аяқталған жоқ. Балаларға дастарқан жайылып,  кейін олар қаламыздың көрікті орындарын тамашалады.

Айымгүл Әбілева