Билік

Өңір басшысының жұмыс сапары

 

 

 

Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Аққайың ауданында егемендікті айшықтайтын мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды. Ел өмірінің ажырамас бөлігіне айналған нышандарға құрметпен қарау республиканың әр азаматының міндеті.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Туған жерге, елге деген құрмет осыдан басталады. Қазақстанның әрбір азаматы туын, елтаңбасын, және әнұранын құрметеуге тиісті. Рәміздерге арналған алаңның ашылуының маңызы ерекше.

Аудан халқы жаңалықты қуана қабылдады. Бұл кейінгі буынның бойындағы отанға деген мақтанышты ұлғайтады.

– Қазақстанның болашағы біз сияқты жастардың қолында Біз жақсы білім алып оқысақ еліміз гүлдене береді.
– Біз тәуелсіз елдің ұрпағымыз. Осындай нысандар бізді отансүйгіштікке тәрбиелейді.  

Кейін аймақ басшысы “Нұр Отан” ХДП  Аққайың аудандық филиалы өкілдерімен жүздесіп,   ұйым  жұмысымен танысты.

 Одан кейін Серік Біләлов ат басын Тайынша ауданына тіреді. Мұнда өңір жетекшісі 600 млн теңгеге мемлекет есебінен салынған “Болашақ” балабақшаның ашылу салтанатына қатысты.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Еліміздің болашағы бүгінгі жас ұрпақ. Соңғы екі жылда облысымызда балабақшалар саны бір жарым есеге артты. Міне, бүгін «Балапан»  бағдарламасы негізінде Тайынша ауданында 280 орындық балабақша ашылып отыр. Бұл бәріміз үшін ортақ қуаныш.

Жаңа білім беру мекемесінің таспасын кескен өңір жетекшісі ғимараттың ішін аралап бүлдіршіндерге жасалған жағдаймен танысты. Жас аралықтарына қарай балалар 12 топқа бөлінген. Ой-өрістерін кеңейтіп, шығармашылық дарындарын ашатын, денсаулықтарын шыңдайтын ортақ залдар қарастырылған. Бүлдіршіндер мұндай сыйға өз алғыстарын мың бұрала билеп, ән-жырмен жеткізсе, ата-аналардың қуаныштарында шек болған жоқ.

Қайыржан Қазбекова:

-Бұнда менің немерем келеді. Балаларым жұмыс істейді. Енді балаларымызға алаңдамайтын болдық. Балаларымыз жаңа балабақшада өсіп-өне  берсін. Бүгінгі бөбектер ертеңгі біздің болашағымыз.

Бұл күні Тайынша ауданының Вишневка ауылында да қуаныш. Елді мекенде мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің әріптестігі арқасында 25 орынға шақталған тағы бір балабақша ашылды.

 

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  биылғы жолдауында мектепке дейінгі тәрбиемен балаларды қамту 2020 жылы 100 % құрайды деген болатын. Осы мақсатта біздің облысымызда да жұмыстар жүргізілуде. Міне бүгін балабақшаның бой көтеруі осының айғағы.

Тайыншалық бүлдіршіндер мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылды. 103 жаңа жұмыс орны пайда болды.

Бексейіт Мұқалықов, қазақ тілі пәнінің мұғалімі:
– Біздің ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындары беріліп жатыр. Өзім жас маман болсам да жұмысқа шақырылдым. Өзімнің кішкентай балапаным осында келеді. Балабақша 9-6-ға дейін жұмыс істейді. Асхана, ойын-сауық, жатын бөлмесі бар.

Сондай-ақ өңір жетекшісі Тайынша ауданының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы істерімен таныс болды. Бұл мақсатта аудан орталығында жаңадан азық-түлік өнімдерін көтерме, бөлшектеп сататын сауда орталығы ашылыпты.
Сонымен қатар мерейтойлы жылы ауданға қарасты Зеленый гай елді мекенінің 5 тұрғыны жаңа үйлерге қоныстанды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Облыста Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша құрылыс саласы қарқынды дамуда. Бүгінде осы мақсатта Тайынша ауданында тағы бір тұрғын үй тапсырылып отыр. Құрметті қуаныш иелері! Жаңа үй қуанышқа толы болып, отбасынан береке-бірлік кетпесін.

Баспаналы болған қуаныш иелеріне аймақ басшысы салтанатты түрде үйдің кілттерін табыс етті. Заман талабына сай тұрғызылған 2 бөлмелі жер үйлердің құрылысына облыстық бюджеттен 30 млн теңге жұмсалыпты. Жұмыс сапарының соңында өңір жетекшісі “Тайынша-Астық” ЖШС мал шаруашылығы кешенінде болды. Қазір мұндағы 3,5 мың бас жоғары өнімді қара малдың 700-ден астамы биыл Канададан жеткізіліпті. Соңғы асыл тұқымды зеңгі баба төлдерінің легі етті бағытта.

Анатолий Рафальский,  “Тайынша-Астық” ЖШС директоры:
– Біз сүтті сиырлармен қатар биылдан бастап, етті бағыттағы тайыншаларды өсіруді қолға алдық. Шетелден жоғары өнімді герофорд пен ангус тұқымды қара мал алып көрдік. Бейімделуі жақсы. Жуық арада олар төлдеп, саны еселенетін болады деп ойлаймыз. Келесі жылы тағы бір партияға тапсырыс бердік.

Жақсы күтім көрген бір тайыншадан 300 келіге дейін таза ет алынады деп көзделуде.

Жеңіс Ермұқанов