Спорт

Шағын футбол турнирі



 

Облыс орталығының шеткі аудандарындағы мектептерде оқитын әуесқой футбол сүйерлердің басын қосқан турнир 2 күнге жалғасты. Жалпыға бірдей білім беру ордаларының намысын арқалап келген 7 құрама алдымен топтық кезеңде тартысқа түсті. Өз лектерінде топ жарған 4-і ақтық сында кездесті. Жасанды жасыл алаңда үшінші орын үшін №12 және №13 мектептердің аяқ доп сүйерлері бап пен бақтарын сынады. Ала допты ұршықтай иіре білген соңғылары діттегендеріне жетті.

Валентин Лаптев,  №13 орта мектеп оқушысы:
– 4 ойынның 2-н ұттық. Мен үшін бұл алғашқы жетістік. Үшінші орын да жаман емес. Бос уақытым бола қалса, доп қуалағанды қалаймын. Спорт денсаулықпен қатар алған бағытыңнан қайтпай мақсатыңа жетуге баулиды. Бүгін осыған көзім жетті.

Ұйымдастырушылардың да көздегені осы. Бәсеке бар жерде нәтиже де болады. Алғашқы турнир болғандықтан додада күштерін сынап көрем деушілердің қатары қалың емес. Шағын футбол турнирі енді дәстүрге айналмақ.

Жангелді Сейтзадин, “Зерде” ғылыми-танымдық орталығы” ҚБ мүшесі:
-Турнирдің басты мақсаты – жасөспірім балалардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Мұнда қиын балалар, әлеуметтік жағдайлары нашар балалардың арасында өтіп жатыр.

Суырылып алға шыққан №24 және №44 мектептердің құрамалары қорытынды сында кездесті. Допты тәуірірек теуіп, әдемі ойын өрнегін танытқан №44 мектептің әуесқой футболшылары турнирдің чемпионы атанып, бас жүлдені ұтып алды. Үздік үштікке футбол жабдықтары тарту етілді.

 
Жеңіс Ермұқанов