№2 жылу-электр орталығының құрылғанына биыл елу жыл. Осы уақытқа кәсіпорын жақсы көрсеткіштермен жетіп отыр. Желтоқсан айында жаңа қазандық іске қосылмақ. Бұл қазандық өндіріс қуатын арттыруға мүмкіндік береді дейді мамандар. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов биыл орнатылған жаңа турбинаны да көрді. Бүгінде жылу- электр орталығында 360 мегаватт электр энергиясы өндірілсе, 2012 жылы бұл көрсеткішті 425-ке жеткізу көзделген.
Марат Мұстафин, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаментінің директоры:
-ТЭЦ-те біраз жұмыстар істелген. 3.8 млрд. теңгеге жұмыс атқарылған. Осы жұмыстың арқасында алтыншы қазандық іске қосылмақ. Оның үстіне жаңа турбина салынып жатыр электр энергиясын шығаратын.Келесі жылы да 60 мегаваттық турбина пайда болады. Бұл үлкен нәтиже. 1-2 жылдың ішінде 330-360 МВатт электр энергиясын шығаратын шамаға жетті.
Сөйтіп, жылу электр орталығы өз инвестициялық міндетін орындап жатқан көрінеді. Келесі жылы энергетикалық кешенді жаңғыртуға 5 млрд 180 млн. теңге бағытталмақшы. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен энергия үнемдеуге қатысты мәселелер кейін облыс әкімі өткізген кеңесте талқыланды. Өңір басшысы бұл бағытта өңірде жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Жиында сөз алған Нұрлан Алдабергенов тариф саясатының басты бағыттарын сөз етті. Алда тұрған маңызды үш міндетті айқандады. Монополист кәсіпорындар инвестициялық бағдарламаларды толыққанды орындаулары қажет. Екіншіден, олар шығындарын барынша қысқартулары тиіс. Және тағы бір маңызды жайт, энергия үнемдеуге үлкен көңіл бөлген жөн.
Нұрлан Алдабергенов, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы:
-Бұл бағытта үлкен жұмыс жасауымыз қажет. Біз түсінуіміз қажет – егер электр энергиясын, жылуды, не болмаса суды үнемдемесек, әрине, біз көп төлейміз. Монополистерге бәрібір. Оларға айтсаң – осынша электр қуатын шығарасың деп олар шығара береді. Оған бірақ көмір кетеді, газ кетеді. Кейіннен біз төлеуіміз керек болады.
Энергия үнемдеу мәселесін шешудің екі жолы бар деді агенттік төрағасы. Біріншісі – тарифті өсіру. Бұл әлемнің көптеген елдерінде тәжірибеде бар. Ал екінші жолы – дифференциалдық тариф енгізу. Бұл дегеніміз, қанша тұтынсаң сонша төлейсің деген сөз. Мемлекетіміз осы екінші оңтайлы жолды таңдап отыр. Нәтиже де бар көрінеді. Мәселен, электр энергиясы үшін сараланған тариф енгізудің арқасында солтүстікқазақстандықтар 2010 жылы 30 млн теңге үнемдесе, бұл көрсеткіш биылғы жылдың тоғыз айында ғана 23 млн. теңгені құраған. Сондай-ақ күндіз бір, ал түнде өзге тариф бойынша төлем жасаудың да тиімділігі зор дейді мамандар. Агенттік төрағасы бұл бағытта облыста атқарылып жатқан жұмысты оң бағалады. Мұнымен қатар Нұрлан Алдабергенов өткен жылы солтүстікқазақстандықтар көтерген екі мәселенің шешілгенін жеткізді. Бірінші – өңіріміздің бес ауданында электр энергиясын арзандатуға қатысты болатын. Бұл аудандарға қызметті «Көкшетау энерго» ұсынады. Проблема бүгінде шешіліпті. Екінші міндет – жалғыз тұратын мүгедектер мен соғыс ардагерлері үшін электр энергиясына бекітілген тұтыну көлемін өзгерту.
Нұрлан Алдабергенов, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы:
-Петропавлда тұтыну көлемі бір адамға – 70 квт, ал электр плитасы болса – 90 квт көлемінде бекітілген. Бұл жалғыз тұратын адамдарға аз болып отыр. Осыны өзгерту үшін облыс әкімі үлкен жұмыс атқарды. 2 күн бұрын шешім қабылданды. Енді жаңа жылдан бастап тұтынушыларға жеңіл болады.
Тағы бір маңызды жайт – 2013 жылдан облыста жеке тұлғалар үшін суға дифференциалдық тариф енгізілмек. Бүгінде осы жолмен еліміздің алты өңірінде су үнемделуде. Жиын соңында облыс әкімі алда тұрған маңызды міндеттерді айқындады.
Серік Біләлов; СҚО әкімі:
-Алда үлкен міндеттер тұр. Бүгінде жылу желілерінің 10 пайызы иесіз жатыр. Бұл желілерді 2012 жылы қарауымызға алып, тәртіпке келтіреміз. Бұл бағытта бүгінде тиісті жұмыс жүргізілуде. Алда тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғыру үшін ауқымды жұмыс күтіп тұр. Нәтиже болу үшін бірлесе әрекет етуіміз қажет.
Айымгүл Әбілева