Селекторлық кеңес

Билік

15:32 3 Қазан 2011

Үкімет отырысында ең алдымен мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша кейбір заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы қаралды. Құжат Елбасының тапсырмасына сай жасалған. Заң жобасы аясында бірқатар жаңашылдықтар енгізу көзделіп отыр. Айталық, студенттерді баспанамен және қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүрулерін қамтамасыз ету, барлық өңірлерде жастар саясатымен айналысатын өкілетті орган құру, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын заңнамалық тұрғыда бекіту мәселелері ескерілген. Бұл мақсатқа 2012-2014 жылдары 2,14 млрд. теңге бағытталмақ.
 Отырыста сонымен қатар Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторына инвестиция тарту бойынша ұлттық жоспар талқыланды. Елімізге шетелдік инвесторларды тарту үшін үлкен жұмыс жасалуда. Өткен жылы Қазақстанға 5 мыңға жуық инвестор келсе, биылғы жылдың 8 айында 10 мың шетелдік елімізде болып қайтқан. Тағы бір маңызды жәйт, өңдеуші өнеркәсіпке тартылған тікелей инвестиция көлемі артып отыр. Сөйтіп, ТМД елдерінің арасында Ресейден кейін Қазақстан шетелдік тікелей инвестиция тарту бойынша екінші орынға тұрақтаған. Ендігі мақсат – елімізге инвесторларды тартудың бәсекеге қабілетті жаңа жолын ойластыру қажет. Бірінші кезекте оларға қолдау көрсету керек. Яғни, салықтан босатып, мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етілулері тиіс. Сонымен қатар келесі жылдан тұрақты негізде визасыз режим енгізу көзделіп отыр. Әрі визаның мерзімі 120 күннен 180-ге дейін ұзартылмақ. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов екі апта ішінде жоспардың олқы тұстарын жетілдіруді тапсырды.
 Күн тәртібіне шығарылған үшінші мәселе – индустрияландыру картасына енгізілген, бірақ осы күні жүзеге аспаған жобалар. Шілде айында ел бойынша тұралап қалған өндіріс ошақтарының саны 20-ға жеткен. Қазіргі күні олардың он бірі іске қосылыпты.
 Жиында селекторлық байланысқа шыққан облыс әкімдері үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысы бойынша есеп берді. Біздің облыста өткен жылы іске қосылған он жобаның тек біреуі – «Баско» ЖШС-нің ет комбинаты ғана өнім шығаруға кіріспеген.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Өндіріс ошағы толық қуатпен жұмыс жасауы үшін БТА банкінен алған несиесін қайтаруға қолдау көрсету қажет. Бұл – 101 млн. АҚШ доллары. Бүгінде кәсіпорын басшылығы дағдарыстан кейінгі оңалу бағдарламасына қатысуды көздеп отыр. Өзге үш жоба бойынша мәселе туындамайды. «ЗИКСТО» АҚ жобалары орындалуда. «Ақтөбе Гласс» ЖШС 2012 жылға Омбы шыны зауытымен келісім жасады. «Еңбек Нан» серіктестігі де жоспарға сай жұмыс жасап жатыр.

Ал желтоқсан айында өтетін телекөпірде тағы үш жобаның тұсауы кесілмек. Бағдарлама аясында облыста жаңа элеватор, сүт кешені мен диірмен-макарон кәсіпорнын іске қосу көзделген.

Айымгүл Әбілева