Қазақстанда 150-ден астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір кешуде. Әрбіріне өз тілін, дінін, салт-дәстүрін өркендетуге жағдай жасалған. «Кентрон» армян этномәдени орталығы бұл мақсатта түрлі шараларды ұйымдастырып тұрады. Армян тілімен бірге мемлекеттік тілді меңгеру – заңды құбылыс дейді орталықтағылар.
Светлана Малхасян, “Кентрон” армян этномәдени орталығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– 2006 жылдан оқу бағдарламасына «Қазақ тілі» енгізілді. Біздің балалар мемлекеттік тілді үйреніп жатыр. Жастардың мемлекеттік тілді білуі шарт деп ойлаймын.
Ұлттық арнаның таза қазақ тілінде хабар тарата бастауы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, жастардың тілді тез үйренуіне септеседі, дейді Светлана Малхасян.
Светлана Малхасян, “Кентрон” армян этномәдени орталығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
-Мемлекеттік тілді балабақшадан үйрену керек. Өкінішке қарай біздің кезімізде мұндай мүмкіндік болмады. Ал Қазақстан ұлттық арнасының таза қазақ тілінде хабар таратуы – жастар үшін үлкен көмек. Өйткені теледидарды көрген бала ондағы сөздерді тез ұғады.
Жарты ғасырдан астам тарихы бар «Қазақстан» арнасының 100 пайыз қазақ тілінде хабар таратуын барша қазақстандықтар құптап отыр. Бұл әсіресе мемлекеттік тілді меңгермеген азаматтар арасында үлкен қолдауға ие.
-Қазақ тілі мемлекеттік тіл, сондықтан да ұлттық арнаның бұл жаңашылдыққа бет бұруы дұрыс. Жастар да теледидар көріп, тілді тез үйренеді.
-Биыл ел тәуелсіздігіне 20 жыл. Қазақ тіліне көшетін кез жетті деп ойлаймын. Батыс елдерін алатын болсақ, олар бар іс-қағаздарды бірден өз тілдерінде жүргізеді. Сондықтан бұл заңды.
-Біз Қазақстанда тұрамыз. Сондықтан да қазақ тілін білуіміз парыз.
Айдана Демесінова