№ 42 орта мектепте жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мердігер “СпектрСтройСевер” серіктестігінің мамандары жаз келісімен білім ордасын күрделі жөндеуден өткізуге кірісіп кетіпті.
Галина Нагорная, “СпектрСтройСевер”ЖШС директоры:
– Спорт залының қабырғалары мен төбесі тегістеліп, әктеліп, сырланды. Терезелерді заманауи пластикалыққа ауыстырып болдық. Қазір еден жаңартылып жатыр, бір сөзбен айтқанда, спорт залы толықтай өзгеріп жаңа кейіпке енеді. Нысанды жоспарға сай тапсырамыз.
Бүгінде құрылысшылар мектептің айналасын жарықтандыратын шамдарды толығымен жаңартып үлгеріпті. Ішкі әрлеу жұмыстары да тындырылған. Енді қалғаны кіре берісті жөнге келтіру. Бұл жұмыс та 2-3 күннің ішінде тәмамдалмақ. Жөндеу жұмыстарына қалалық қазынадан 22 миллион теңге бөлінген екен.
Айгүл Нұршәріпова, № 42 орта мектеп директорының орынбасары:
– Мектептің іргесі қаланғанына биыл 50 жыл толады. 2009 жылы ғимараттың қас бетіне күрделі жөндеу жасалды. Былтыр ағымдағы жөндеуден ғана өткен. Енді биыл бірден 4 жерде күрделі жөндеу жасалып жатыр. Әбден ескіріп тозғандықтан, жөндеуді қажет етіп тұрған еді. Сондықтан бұл жұмыс уақыт күттірмеді. Бүгінде белгіленген жоспар 80 пайызға орындалып отыр.
Бүгінгі күні №1 мектепте жүргізілген жөндеу жұмыстары аяқталыпты. Мұндағы 58 терезе жаңартылып, кіре беріс пен баспалдақтар қалпына келтірілген. Әр сыныпқа ыстық, суық су тартылып, электр желілері ауыстырылған. 8 сыныпқа жаңа жиһаз алынып қойылыпты. Жалпы облыс орталығындағы барлық білім мекемелеріне қажетінше осындай күрделі және ағымдағы жөндеу жасалып жатыр.
Ақжүніс Мұсырман, Петропавл қалалық білім бөлімінің бастығы:
– Биылғы жылы оқу бөлімі бойынша күрделі жөндеуге бөлінген ақшаның саны 132 млн болатын, қосымша қаржы бөлудің арқасында қазір 150 млн-нан артық болды. Әсіресе автономды жылыту жүйелері бар мектептерде Жұмысшы поселкесінде №44, № 31 мектептердегі жылу қазандықтарын күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз.
Өткен қаһарлы қыстың зардабын шеккен мектепке дейінгі білім беретін мекемелер мен өнер мектептерінің барлығы дерлік биылғы жөндеу бағдарламасына енгізіліпті.
Ақжүніс Мұсырман, Петропавл қалалық білім бөлімінің бастығы:
– Сондықтан бөлінген ақшалардың көпшілігі шатырларды ауыстыру су, қар кірмес үшін, терезелерді мығымдау, бекіту. Сондықтан көптеген мектептер мен балабақшаларда терезе блоктарын ауыстырып жатырмыз.
Бүгінде бар жұмыстың 60 пайызы орындалған. Тамыздың 25-сіне дейін әр нысан жаңа оқу жылында есігін айқара ашуға толықтай әзір болмақ. Қысқа дайындық жұмыстарын тексеретін арнайы штабтың қорытындысы олардың жылыту жүйелері де сақадай сай екенін көрсетіп отыр.
Ақжүніс Мұсырман, Петропавл қалалық білім бөлімінің бастығы:
– Қазіргі кезде біздің барлық мектептеріміз жылу жүйелерін от жағу кезеңіне дайындықтарын анықтап, міндетті түрде қол қойдырып, дайындық паспорттарын тапсырды.
Сондай-ақ жыл соңына дейін қалада үш балабақша мен бірнеше шағын орталық пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Сөйтіп, 1080 балдырған мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылмақ.
Жеңіс Ермұқанов