Денсаулық сақтау

Қайырымдылық концерті

Үш бүлдіршінге шұғыл түрде көмек қажет. Кішкентай петропавлдықтарда туа біткен жүрек ақауы бар. Олар көп уақыттан бері қымбат ота жасатуға кезекте тұр. Бірақ  өкінішке қарай қаржы тапшылығы аяққа тұсау болып, ойлары жүзеге аспаған. Ал балдырғандар отасыз көпке бармауы мүмкін. Дегенмен, бұл мәселені шешуге көмек қолын созушылар да аз емес. Балаларды қорғау күні қарсаңында Яна Богова «Жақсылық қаласы» қайырымдылық концертін ұйымдастырды.

Яна Богова, “Эльдорадо” ЖШС директорының орынбасары:
Осы кеш бекер жасалып отырған жоқ. Мен өз әндеріммен тыңдармандарымды қуантып қана қоймай, сол арқылы үлкен көмек пен қолдауды қажет ететін жандарға көмектескім келеді.

Науқас жандарға көмектесуге жиылған қауым бүлдіршіндермен жүздесу мүмкіндігіне ие болды. Кирилл Власенко бір отаны сәтті жасатыпты. Енді жеткіншекке Түменге екінші рет бару қажет.

Наталья Власенко:
– Жүкті кезімде дәрігерлер баланың денсаулығына қатысты бір ақауларды байқаған еді. Әсіресе, соңғы айда күдіктенді.

Мирослав Логутцев сурет салғанды жақсы көретін  жайдары, ширақ бала. Алайда оған барша балалар сияқты асыр салып ойнауға, жүгіруге болмайды. Өміріне қауіпті. Анасы Ольга баласына ота жасалатынына сенімді. Және бүлдіршіні қалыпты өмірге аяқ басатынына шүбә келтірмейді.

Ольга Логутцева:
– Бізді біреулер ескеріп жатса қатты қуанып қаламыз. Балаларымыздың өмірі басқалары үшін де маңызды екенін сезгенде бойыңа бір қуат алатын сияқтысың.

Кирилл Сухомлиновтың да жүрегінде ақау бар. Науқастың көмек күтіп жүргеніне үш жыл болып қалыпты.
Облыс бойынша дәл осындай отадан өтуге тиісті 51 бүлдіршін тізімде тұр. 2003 жылдан бері келісім шартқа сәйкес түмендік дәрігерлер біздің аймақта 464 баланың жүрегін емдеген. Операцияның кісі басына шаққандағы құны кем дегенде 300 мың теңгені құрайды. Күрделілігіне қарай 2,5 млн- теңгеге дейін жетіп қалуы ықтимал.

Виктория Долгополова:
– Бізде мұндай оталар жасалмайды. Өйткені  балалар тым кішкентай. Ол үшін арнайы білім мен жабдық қажет.

Концертте науқас балаларға қаржылық қолдау көрсетуге өнер мектебінің оқушылары да атсалысты. Қайырымдылық шарасына олар өз суреттерін әкеліп, аукционға қойды. Ең қымбат туынды макароннан жасалған «Таңғажайып балық» панносы болып шықты. Бұл туындының авторы Ирина Шишко. Оның тың еңбегі 70 мың теңгеге сатылған. Кештің бір дебір қонағы қайырымдылық шарасынан тыс қалмады. Олар «Денсаулық банкі» атты жәшікке мүмкіндіктерінше ақша салысты. Нәтижесінде 667 мың теңге жиналды. Айту керек, бұл концерт науқастарға көмектесуге бағытталған шараның тек басы ғана.