Спорт

Президенттік көпсайыс

 

 

 

 

Жыл сайынғы дәстүрлі додада жеткіншектер мылтық  атудан, турникке тартылудан күш сынасты.  “Бақа” деп аталатын құрылғыны  төрешілер аяқ пен қолдың көмегімен жерден көтерілу жаттығуын әділ бағалау үшін орнатқан. Ол дене төмен түсіп, көтерілген сайын жанып-сөніп тұрады. Татьяна Садчикова жарыстың бұл түрінен №1 гимназия намысын қорғауда. Спортпен шұғылданғанды жақсы көретін бойжеткен 25 ұпай жинады.

  Татьяна Садчикова ,  № 1 гимназия оқушысы:
Бүгін мен ату және  аяқ пен қолдың көмегіне сүйеніп жерден көтерілу жаттығуына қатыстым. Жалпы нәтижелерім жаман емес деп ойлаймын. Осы жарысқа қатысар алдында көп дайындалдым.

Бұл қыздарға міндеттелген тапсырма болатын. Ұл балаларға қойылған талап әлдеқайда қиын болды. Олар турникте тартылды. Спартакиадаға жиналған қалалық мектеп құрамаларының арасында спортпен кәсіби түрде шұғылданушылар да болды. Темірлан Сүлейменов жеңіл атлетиканың қас шебері. Алайда  адамға жеті өнер де аз демекші, бозбала атумен де әуестенетін көрінеді. Темірлан пневматикалық мылтықтан 36 оқты нысанаға дәл тигізді.

  Темірлан Сүлейменов, М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы лицей оқушысы:
-Мұндай сайыстар жастардың мықты болуына септеседі. Оның үстіне осында алған тәжірибең әскерге Отан алдындағы борышыңды өтеуге аттанғанда керек болады.
Жалпы мен жеңіл атлетикамен де айналысамын. ҚР чемпионымын.

№ 40 орта мектептің оқытушылар ұжымы   бұл жарыстың 1996 жылдан бері үзілмей келе жатқан дәстүрлі шара екенін айтады. Мұғалімдер мұндай спартакиадалардың маңызы зор дейді.

  Идея Сейтмұхамбетова, Дмитрий Карбышев атындағы № 40 орта мектептің әдіскері:
-Жарыс 7-ші қысқы Азия ойындары мен Президенттік көпсайысқа арналған.
Ертең спартакиада “Борки” кентінде жалғаспақ. Онда оқушылар шаңғы теуіп жарысады.

Айтулы доданы ұйымдастыруға Петропавл қаласының алғашқы әскери даярлық орталығының  оқытушылары да белсене атсалысты. Олар сайыскерлердің тапсырмаларды дұрыс орындауын қадағалады.

  Нұргелді Әубәкіров,  Петропавл қаласының алғашқы әскери даярлық орталығының  оқытушысы:
– Оқушылар үш жас дәрежесіне қарай өзара күш сынасуда. Спартакиадаға қаламыздың 34 мектебі қатысуда.

Спартакиада жеңімпаздары мақтау грамоталарымен қатар “Алау” және “Батыр” республикалық спорттық жарыстарға жолдамаға ие болмақ. Онда жасөспірімдер тек білім ошағының ғана емес, сонымен бірге өңір намысын да қорғайды.

Гүлден Сәрсенбаева