“STARS” балалар клубының ашылғанына жарты айдай ғана болды. Бүгінде клуб тәрбиешілері балалардың өздігінен дамуы үшін қолынан келгенін жасауда. Бұл үшін олар итальялық педагог-психолог Мария Монтессоридің әдісін қолданады екен. Бұл әдіс балаларға жауапкершілікті сезінуге, өздігінен шешім қабылдауына, топта да, жеке де жұмыс жасай алуына, таңдай білуге, уақытты үнемді ұйымдастыруға, өзіне деген сенімді ұялатуға септеседі.
Майра Ақылтаева, “STARS” балалар клубының қазақ тілі пәнінің мұғалімі:
-Біздің клубымызға 8 айдан 6 жасқа дейінгі балалар келеді. Осы жерде біз дамыту ойындар өткіземіз қазақ және ағылшын тілінде. Сонымен қатар мектепке дейінгі дайындық өткіземіз.
Мұнда қазақ және ағылшын тілдерінің мұғалімдері мен 2 тәрбиеші балаларды білім нәрімен сусындатады. Олар Екатеринбург қаласындағы «Монтессори» қауымдастығының аймақаралық курстарында білімдерін шыңдапты. Ал дұрыс сөйлеуге машықтанамын дегендерге логопед маманы қызмет көрсетеді.
Наталья Атькова, “STARS” балалар клубының логопед маманы:
– Шағын моториканың миға әсер ететіндігі дәлелденді. Біз саусағымызды жаттықтырғанда балақайлардың сөйлеу қабілеті дамиды. Мұның барлығы бір-бірімен байланысты. Сондықтан балалардың түрлі дидактикалық ойындарды ойнауы олардың сөйлеу қабілетіне жақсы әсерін тигізеді.
Жуырда ғана ашылған орталықтың оннан астам шәкірті бар. Солардың бірі – 1 жастан асқан Виктория. Ол тәрбиешілердің айтқанын бұлжытпай орындайды екен. Виктория сияқты 2 жасқа дейінгі балалар орталыққа анасымен келеді. Ольга Елманова аз уақыттың ішінде қызының ой-өрісі кеңейгендігін айтып отыр.
Ольга Елманова:
– Бұл орталықтың жұмыс істеу әдісі маған ұнайды. Монтессори әдісінің тиімділігі шынымен көзге көрініп тұр. Балам барлығын өздігінен істеп үйренді. Бұрынғыдай ойыншықтарын шашпай, өз орнына қояды.
“STARS” балалар клубы Монтессори тәсіліне сүйеніп балақайлардың табиғи мінезін, қабілетін, тәрбиешінің нұсқауымен емес, өз еркімен тәуелсіз рухта тәрбиелейді.
Айдана Демесінова