Өнеркәсіп

Құрылыс материалдарын шетелге де шығара аламыз

 

 

Петропавл құрылыс материалдары зауыты облысымызда тұрақты дамып келе жатқан кәсіпорындардың қатарында. Мұнда шығарылатын өнім отандық нарықта зор сұранысқа ие. Бұдан қалды зауыт басшысы Александр Кондратов құрылыс материалдарын экспортқа жөнелтуге бүгіннен дайынбыз дейді. Жылдам әзірленетін өнімнің санымен қатар сапасына да үлкен назар аударылады екен.

Александр Кондратов, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС директоры:
– Кеден Одағына енген елдер шекарасының ашылуы бізге де зор мүмкіндіктер ашып отыр. Үстіміздегі жылдың 1-ші шілдесінен біздің өнім барлық халықаралық талаптарға жауап беретін болады. Аз уақыттың ішінде ел нарығын бағындырып үлгердік. Енді шекаралас мемлекеттерге шығуды көздеп отырмыз.
Республикалық “Алтын сапа” байқауында біз жүлделі үшінші орынды жеңіп алдық. Бұл соңғы 7 жылда облысымыздың кәсіпорындары қол жеткізген алғашқы жоғарғы баға.
 
Өткен жылы кәсіпорындағы өндіріс өнімділігі 157 пайызға артып, оның жан басына шаққанда 13 млн теңгені құрады. Бұл еуропалық стандарттарға толық жауап береді. Диаметрі үлкен құбырларға деген сұраныс та артып, олардың өндірісі 205 пайызды құрады. Сөйтіп, зауыт жалпы көлемі 846 млн теңгенің өнімін шығарған. Мұндай жақсы мүмкіндікке қол жеткізу үшін кәсіпорын басшылығы мемлекеттің көмегіне талай рет жүгінген. Бизнесті қолдау ел экономикасының дамуына зор әсерін тигізеді дейді кәсіпкер.

  Александр Кондратов, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС директоры:
-20 жылда еліміз экономикасы өрге домалаған тәуелсіз мемлекетке айналды. Бүгінде Қазақстанның әлемдегі беделі өсті. Бұған Елордада өткен Саммит, қысқы Азия ойындары дәлел. Әлемдік саясаттың көш басшылары да осылай дейді. Мен барлық солтүстікқазақстандықтардан сәуірдің үші күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауына немқұрайлық танытпай, бір адамдай сайлауға қатысуға шақырамын.  

Александр Кондратов өзі де  ұжымына үлгі көрсетіп, еліміз үшін маңызды науқанда өз таңдауын жасамақ.
Жеңіс Ермұқанов