Бизнес және экономика

Кәсіпкерлерге арналған курс

 

 

 

 

 Үш айлық курсқа үзбей қатысқан облыстағы 20 кәсіпкер- басшылар аттестациялық комиссия алдында өз жобаларын қорғауға кіріскен. “Петромұнай сауда” серіктестігінің коммерциялық директоры Любовь Беленкова облыстағы мұнай өнімдері саудасын жақсартуға қатысты жобасын комиссия алдында сәтті қорғап шықты. Любовь Борисовнаның сауда-саттыққа араласқанына 15 жыл. Оның он жылында ұжым басқарып келеді. Кәсіпкерліктің талай ыстық-суығын көрді. Бірақ ол білімді үнемі толықтырып отыру қажет деген қағиданы ұстанады.

  Любовь Беленкова, “Петромұнайгаз” ЖШС коммерциялық директоры:

-Егер бизнесің табысты болсын десең, ең алдымен өзің дамуың керек. Барлығын білемін дейтін уақыт артта қалған. Бүгінде көп адамдар экономикалық сауатсыз. Ал бизнес жүргізуде ненің пайдалы,   неге уақыт жұмсау  қажет емес екендігін осы курстан көрдім.

Курсты “Тұран Профи” халықаралық кәсіби академиясының аймақтық оқу орталығының мұғалімдері жүргізді. Мәскеулік мамандар шақыртылды. Жапонияда оқыған оқытушылар келді. Бұған дейін ұйымдастырылған бір айлық курстан өткен солтүстікқазақстандық екі тыңдаушы бүгінде Германияда тәжірибе жинақтауда.

  
Зәмзәгүл Қапбасова,  “Тұран Профи” халықаралық  академиясының бірінші проректоры:

-Біздің курстың айырмашылығы- Германияға барғанда солардан жаңа жобалар алуға болады. Солармен тіке жұмыс істеу мүмкіндігі бар.

Курстың арқасында бір басшы өзінің жұмыс күнін өзгеше жоспарлауды үйренсе, енді бірі қиындыққа тап болған кәсіпорнын аман сақтап қалуға қол жеткізген.

  Райхан Әбдірахманова,  “Халық банкі ЖЗҚ” СҚ филиалының директоры:

-Менің жобам зейнетақы қорына байланысты. Қазақстандағы үлкен қор болса да, үйренетін нәрсе көп екен.

 Қазбек Мырзабаев, “Феникс” ЖШС директоры:

Курстағы тайм-менеджменттен алғаным мол. Алдымен уақытты үнемдеуді, жұмысты маңыздылығы бойынша бөлуді үйрендім. Қаржылық сараптауға көңіл бөлдім. Бұрын бас бухгалтеріме сеніп отыра беретінмін. Бұрындары Ресейден жанар-жағармай әкелсек, енді сол жаққа мал азығын шығармақшымыз. Кәсіпорынның жұмыс бағытын өзгерту кезінде курстың көмегін көрдім.

Үздік жоба авторлары Германияда тәжірибелерін ұштайды. Бұл сапар барысында кәсіпкерлерге неміс компанияларымен келісімдер жасау мүмкіндігі туады.
 

 

Әсем Сембина