Білім

Ғылыми жобалар байқауы

 

 

 

 

Петропавл мектептерінің үздік оқушылары үшін бүгінгі сабақ қарапайым қоңырау емес, көңілді концертпен басталды. Себебі бұл балалардың көп уақыт пен білімдерін жұмсаған ғылыми жұмыстарының бағаланар кезі – өте маңызды оқиға. Аталған байқауға барлығы 138 жұмыс ұсынылыпты. Олар 4 секция бойынша 15 бағытты қамтыған. Үміткерлер қатарында қалалық классикалық гимназияның 24 оқушысы білімдерін сынамақ.

  Данияр Уәлиев, қалалық классикалық гимназия  мұғалімі:
 -Өзім 2 оқушы дайындап әкелдім,  Ережепов Серік пен Құсайынов Олжас. Бірі  – сынап буының адам ағзасына әсері, екіншісі өлкетану, Қостанай облысында табылған иероглифтар туралы зерттеу жүргізді. .

Ғылыми жұмыстардың мазмұны бүгінгі қоғамның ең өзекті мәселелерімен сабақтас келеді. Заман ағымынан қалыспайтын білімді жастар “Таза қоршаған орта”, “Қазақстандағы туристік бағыттар”, “Ғылыми-техникалық прогресс” сияқты тақырыптардың тереңіне үңілген. №9 орта мектеп оқушысы Айдана Сұлтанова Есіл ауданындағы Жамансопка ауылының табиғи ерекшелігін зерттепті.

  Айдана Сұлтанова, №9 орта мектептің 9 сынып оқушысы:
Мен Жамансопка ауылы туралы жұмыс қорғадым. Себебі мен онда болғанда керемет әсер алдым. Оның тарихы да өте қызық.

Былтырғы жылғы республикалық байқаудан жергілікті оқушылардың үлесіне 2 жүлделі орын бұйырыпты. Биылғы көрсеткішті жақсарту үшін бұл жолғы талаптар да сәйкесінше күшейтілді.

Мәруа Сабырова, қалалық білім бөлімінің дарынды балалармен жұмыс жөніндегі әдіскері:
 –
Бірінші, тақырыптың өзектілігі, ғылыми тұрғыда қарастырылуы байқалады. Екіншіден, мақсат пен міндеттің жүзеге асырылуы қарастырылады.

Бұл кезеңнен өткен жұмыстар желтоқсанның 24-і күні болатын облыстық байқауға жолдама алады.

 Кәусар Аяпбергенқызы