Замотаевкадан басталған су құбыры аудан орталығы Булаевта орналасқан сорғы стансасына дейін тартылады. Жоспар бойынша 76 шақырымдық құбырдың құрылысы үш жылда аяқталуы тиіс. Биыл су тарату желісінің алғашқы кезеңіне 600 млн. теңге бөлінген. Алайда көкшетаулық мердігерлер оның 200 миллионын әлі күнге игермеген.
Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Неге тағы да мердігерлер алмайсыздар? 5-7 километрден бөлу керек. Сіздер өздеріңіз ғана бұл қаржыны игере алмайсыздар. Мұнда жалғыз трактор тұр. Бүкіл желі бойында техника болуы керек.
Жыл соңына дейін су құбырының 40 шақырымын тарту қажет болса, бүгінде оның тек 12 шақырымы ғана дайын. Құбыр тартылған орлар да әлі ашық күйінде жатыр. Облыс әкімі Серік Біләлов орларды қазір жаппаса, кейін кеш болатынын айтты.
Өңір басшысы құрылысқа бөлінген қаржыны толық игеру үшін қосымша мердігерлер тарту қажеттігін айтып, бөлінген қаржыны Жаңа жылға дейін игеруді міндеттеді. Тарату желісінің құрылысы толық аяқталғаннан кейін ауданның бес ауылы сумен толық қамтылмақ.
Жасын Біркенов