Білім

“Қазақша сөйлесейік” акциясы

 

 

 

 

Тілдерді дамыту басқармасының мамандары, студенттер мен оқушылардан құрылған топ сапаржайға келіп, бірнеше терезеден ақпарат алмақ болды. Қызметкерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейлері әр түрлі. Бірі шама-шарқынша жауап беруге тырысса, енді бірі ат-тонын ала қашады. “Қазақша сөйлесейік” акциясын да әр мекемеде әр түрлі қабылдайды. Әсіресе, қазақ тілін еркін меңгерген Екатерина мен Денистің алдында жауап беруден тосылғандар көп болыпты. Теміржол вокзалындағы жағдай да мәз емес. Мамандар келгенде, бір касса мен анықтама бюросы ғана жұмыс істеп тұрды. Қалғандары мезгілсіз жабылып қалған. Жұмысын жалғастырған жалғыз кассаның өзінен қазақ тілінде бір ауыз сөз ести алмадық.  Бір айдың ішінде талай маманмен тіл қатысқан Денис Ершов сөзден іске көшетін күннің туғанын ескертіп бағады. Ол үлкен мекемелердегі лауазым иелерінің ана тілінде күмілжитіндігіне қынжылады.

  Денис Ершов,  “Балапан” балабақшасының қазақ тілі мұғалімі:

-Кейбіреулер орындарынан тұрып кетеді. Білетін біреуді әкеледі. Мысалы, Халық банкінің қабылдау бөлмесіндегі қазақ қызы ана тілінде бір ауыз сөз білмейтін болып шықты. Оралман келсе не істейсің десе, аудармашы әкелемін дейді. Ол болмаса, не істейсің десе, сөздікті қолданамыз дейді.

Бұл жерде ресми тілді білетіндердің ұпайы түгел. Ал тосылатындардың бірі – ата жұртқа қоныс аударған қандастар.


  Денис Ершов,  “Балапан” балабақшасының қазақ тілі мұғалімі:

– “Өзге білдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте деген сөз бар ғой”, біздің қазағымыз өзге тілді біледі. Өз тілін білмейді.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы акцияны қорытындылап, үздіктерді атап отыр. Бірақ арнайы топ есігін ашқан 25 мекеменің көпшілігінде мемлекеттік тілде ақпарат алу күрделі болған жағдайлар  жиі кездесті.

  Жанат Мұхаметжанов, облыстық тілдерді дамыту басқармасының ономастика және талдау бөлімінің бастығы:  

– Құрылыс басқармасынан, Қазақтелеком, Қазпочтадан қанағантанарлық жауап ала алмадық. Акция барысында жаңа оқу жылы басталды, тіл үйірмелеріне қатысыңдар деген ой тастағымыз келді.