Бахтияр Қожатаевтың велоспорт мектебінің есігін ашқанына биыл 8 жыл. Бірақ осы уақытта облыс деңгейіндегі жарыстарда топ жарудың сәті түспеген. Ал соңғы ел чемпионатының 135 шақырымдық тас жолдағы тартысы Бахтияр Қожатаев үшін жемісті болды. Ол алға тек өскемендік қарсыласын ғана жіберіп, күміс алқаға ие болды. Сонымен қатар байрақты додада спорт шебері талаптарын орындап қайтты.
Бахтияр Қожатаев, сайыскер:
– Бұл жарысқа тек жеңу мақсатымен келдім. Бәсекелестік өте мықты. Республикалық жарыстан асып түспесе кем емес. Біздің шабандоздар ел бойынша үздік саналады. Бұл жолы бірінші атансам мен үшін үлкен жетістік болады.
Бахтиярға көздегеніне жету үшін ересектер тобындағы 20 шақырымдық қашықтықты бағындыру керек. Ал кіші лектегі велошабандоздарға мәре сызығын кесіп өтуге бұл қашықтықтың жартысын бағындыру талабы қойылды. Желмен жарысқан жас спортшылар көмбеге дара келу жолында аянып жатқан жоқ. Алғашқы сын да жақсы дайындықты талап етеді. Жолда күрт көтерілулер кездеседі.
Владимир Парахин, велоспорттан олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
-Бұл – маусымды қорытындылау жарысы. Спортшылардың арасынан дарындыларын байқаймыз. Жалпы есепте суырылып алға шыққандарынан облыс құрамасын іріктейміз.
Ол үшін сайыскерлер әлі 2 топтық және бір шеңберлік айналымда мәреге жетулері керек.
Жеңіс Ермұқанов