Облыстың түкпір-түкпірінен жиналған үздік түлектер Абылай хан резиденциясында болды. Батыр баба кешенінде олар тарих беттерінен сыр шертетін жәдігерлермен мұқият танысты. Бұл – ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша жоғары ұпай жинап, жақсы нәтижеге қол жеткізген оқу озаттары және ата-ана қамқорлығынсыз қалған түлектер. Ертең олар үшін үлкен мереке. Мектеп бітірушілер кеші түлектер үшін тебіреніске толы сәт. Қолдарына аттестат алып, үлкен өмірге қадам басады. Осынау салтанатты шараға дайындық “Қарасай” стадионында барынша қызған. Ертеңгі мерекеге облысымыздың 1600 түлегі қатысады. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша 71 түлек “Алтын белгі” иегері атанса, жиырма алтысы ерекше үлгідегі аттестатқа ие болмақ. Облыс бойынша Тимирязев ауданының түлектері жоғары нәтижеге қол жеткізіп, көш алдына шықты.
Айымгүл Әбілева