МТРА жаңалықтары

Баға қадағаланады

 

 Өңірде соңғы бір-екі аптада  өсіп шыға келген азық-түліктің бағасы тұтынушының қалтасын жұқартып тастады. Санақ мамандарының айтуынша, жылқы еті, көкөніс, қант пен электр энергиясы құнының артуы жалпы инфляциялық жағдайға да әсер еткен.  
 
Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

4 айдың ішінде инфляцияның деңгейі 3,6 пайызға дейін өсіп шыға келді. Ал үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің тапсырмасына сәйкес  үстіміздегі жылы оның дейгейі 6-7 пайыз  шамасында болуы тиіс. Сондықтан   жедел шараларды қолға алып, жағдайды түзеу керек.
 

Осы күнге дейін облыс орталығындағы азық-түлік өнімдерінің бағасын “Қазагромаркетинг” АҚ облыстағы филиалы тіркеп келеді. Филиал директоры Тотыкамал Құлжанова сейсенбі күні алынған бағаларды сараптап өтті. Енді бағаны тұрақтандыру штабтары қайта іске кіріседі. Облыс әкімінің бірінші орынбасары жетекшілік ететін жұмыс тобы апта сайын мониторинг жүргізбек. Бағаны тұрақтандыруға  ауыл шаруашылығы  өнімдерінің жәрмеңкесі сеп болуы керек.  Азық-түліктің бағасын ретке келтіру, инфляцияны болдырмау бағытындағы ұсыныстарын облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы да  жеткізді. Валерий Пыстоговтың ойынша, көтерме бағамен көкөніс өткізетін тағы бір базар ашу керек. Қаладағы базарлармен және сауда орталықтарымен жасасқан меморандумдарды жаңарту қажет. Облыс көлдерін жалға алушыларға сауда орындарын бөліп, балықтың бағасын да түсіруге мүмкіндік бар. Қазіргі таңда өңір мектептері де ыстық тамаққа қажет көкөністі өздері өсіреді. Жиында олардың жағдайы да сөз болды. Осы күні 11 аудан мен облыс орталығындағы мектептердің 100 пайызы бау-бақшалықпен айналысады. Кәсіптік техникалық білім беру мекемелері 42 га жерге картоп отырғызады. Алайда облыс әкімі мектептер басшылығының бұл мәселеге тиісінше көңіл бөлмейтіндерін атап өтті.

 Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Мектептердің жағдайын естен шығармау керек.
Картоп отырғызу көп шығынды қажет етпейді. Тұқым   жеткілікті. Оқушылардың еңбек тәжірибелері бар. Сол уақытта оны баптап, арам-шөптен тазартуға болады. Тұқым болмай жатса, көмек көрсетеміз. Жылыжайларды қалпына келтіруді де қолға алған жөн.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі алдағы уақытта коммуналдық қызметтердің қымбаттамайтынын жеткізді.