МТРА жаңалықтары

Қаланың тазалығы өзіміздің қолымызда.

 

 

Қатарынан екі бірдей сенбілік өткізілгенімен, қысқы қоқысы сол қалпында жатқан аулалар аз емес.  Жалпы Петропавлда 400-ден астам аула бар. Мир көшесі бойындағы 187-ші көпқабатты үйдің тұрғындары өздері ластаған ауланы ретке келтіруге, аулаларын көгалдандыруға асығатын емес. Үй маңындағы ағаштар қурап қалған. Екі адым жердегі қоқыс жәшіктері бос, ал айналасы бықсып жатыр. Қыстан шыққан қалдықтардан арылуға тұрғындарды жұмылдыратын   пәтер иелері кооперативі де  жоқ екен.

 Тұрғындар:

-Көршілерімді қанша үгіттедім, қолдау таба алмадым. Күн ысыса, жағдайымыз тіпті нашар болады. Жағымсыз иістің кесірінен терезелерімізді де аша алмаймыз.
-Біздің тұрғындар жинауға бара қоймас, ешкімнің уақыты жоқ, қол сілтеп жүре береді.

Ауланың сұрқын алып тұрған антисанитария түрлі аурулар тудыратын қоздырғыштардың ошағы екенін тұрғындар түсінгісі жоқ. Ал дәл іргедегі 185-ші үйдің ауласынан мін таба алмайсың, тазалығы көз қуантады. Бұдан үлгі алмайтын көршілерінің кесірінен жел соқса болды, бар еңбектері зая кететін көрінеді.

Балтабай Шалқаров, тұрғын:
-Біз отырмыз міне сенбілік жасап таза жерде, демалуға да жақсы. Көршілер жинамайды, зардабы бізге келеді. Қайта сыпыру керек. Қыста қар, жүре алмайсың, жазда қоқысты қалаған жеріне лақтыра салады.

Кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлердің біразына да  қарапайым тәртіп пен тазалық деген ұғымдар жат екен. Санитар мамандар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің ескертулеріне құлақ асып, ортақ тәртіпке бағынғылары келмейді.

Амангелді Жиентаев, Петропавл қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
-Бекітілген аумақтарын жинамайтындар әлі де көп.
Жер кепкен жоқ, су деп ақталады. Біз ескертулер жасадық. Белгіленген уақыттың ішінде жинамаса, комиссиямен келіп, айып саламыз.

Жауапқа тартылғандарға 40 айлық  есептік көрсеткіш көлемінде айып салынады. Жеке сектор да тазалық шарасынан шет қалуда, игі бастаманы қолдамай отыр. Жер үйлердің иелері орамдардың алдына лақтырылған   қоқыстың қайдан келгенін білмейміз деп жалтарады. Тағы бір мәселе – сенбіліктерде жиналған қоқыс қаланың басқа аудандарына төгіледі екен. Бұнымен жағдайдың оңалмайтыны анық. Ортақ үйіміздің гүлденіп, көркеюі өзіміздің қолымызда екенін ұмытпағанымыз жөн.