Без категории

«ҚР Тұңғыш Президенті күні» мерекесі қарсаңында 198 петропавлдық отбасы баспаналы болды

Бүгінде Елбасы тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары арқасында мыңдаған қазақстандық көптен күткен баспанасына қол жеткізуде

Айгүл Бауенова — М.Қозыбаев атындағы СҚМУ лаборанты:

— Бұл жоба Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқанын білеміз. Бүгін балам екеуіміз қуанып тұрмыз. Бізге екі бөлмелі пәтер беріленді.

Жәлел Қизатов көшесіндегі 126 және 72 пәтерлік үйлер «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында бөлінген қаражат есебінен тұрғызылды. Тұрғын үйлер 100 пайыз отандық материалдардан тұрғызылыпты. Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламалар аясында отандық құрылыстың дамуына да мүмкіндік жасалған деп атап өтті аймақ басшысы. Ерік Сұлтанов әрбір шаңыраққа береке, шаттық тілеп, қалалықтарды қоныс тойымен құттықтады.

Ерік Сұлтанов — Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Сіздерді мемлекеттік мереке Тұңғыш Президент күні қарсаңында 2 көпқабатты үйдің қолданысқа берілуімен құттықтаймын. Бүгін 198 отбасы үшін ерекше күн. Олар жеке пәтердің кілтін алады. Елімізде баспананың қолжетімділігі мен сапалылығы басты орында. Биыл облысымызда тұрғын үйді тапсыру көрсеткіші 20 пайызға жоғарылады. Жыл соңына дейін өңірде 170 мың шаршы метр баспана қолданысқа тапсырылмақшы.

Кейін пәтер кілттерін табыстау салтанатты рәсімі өтті.

Айсұлу Мейрамова — «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы «СҚО бойынша ПҚБАИ» бас маманы:

— Болашақта аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын деп тілеймін. Кішкентай қаламыз көркейіп, әдемі, сапалы үйлер көптеп салына берсін демекпін. Жылдан жылға баспана халық үшін шынымен қолжетімді болып келеді.

Баспана алғандардың арасында мемлекеттік қызметшілер, медбикелер, өзге де бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскерилер және жеке меншік компаниялардың жұмысшылары бар.

Ерік Сұлтанов — Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Осы жылдың соңына дейін Петропавл қаласында 5 бірдей баспана қолданысқа беріледі. Соның 3-еуіндегі пәтерлер «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына бұйырады. Ал 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 10 бірдей көпқабатты үй халық игілігіне тапсырылады деп жоспарлануда.

Осы күні өңір жетекшісі Айнагүл Байтенованың алғашқы қонағы болды. Нәзік жанды білім саласында еңбектенеді. Бүгінде жалғыз басты ананың 2 ұлы аяқтанып, әскери қызметкер атанған.

Айнагүл Байтенова — қала тұрғыны:

 

— 10 жыл күткен пәтеріме ақыры қол жеткіздім. Осы істің басы-қасында жүрген адамдарға алғысым шексіз. Әсіресе, Елбасымызға көптен көп рахмет айтқым келеді. Мен сияқты баспанаға мұқтаж адамдар осындай қуанышқа бөленсе екен деп тілеймін!

Баспаналы болған Ольга Петрова да облыс әкімін үйіне шақырып, төрге отырығызды. Өзі жайлы айтып берді. Ольга жетім өскен. Тұрмыс құрмаған. Қазіргі таңда «СевказЭнерго» АҚ еңбек етеді.

Берік Қасен