Жемқорлық - қоғам дерті

МТРА жаңалықтар - Қоғам 14-03-2018 19:45 Көрулер саны:14934


Бұл роликтегі дипломын сатып алған студент, кейін жұмысқа тұру үшін де пара береді. Сөйтіп, білімі жоқ хирург-дәрігер ота жасауға келгенде тіпті, скальпелді де ұстай алмайтын болып шықты.



Ақыры, оның салғырттығынан алдындағы науқас көз жұмады. Міне, жемқорлықтың ақыры осыған әкеп соғады. Бұны сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің мамандары жастарға сабақ болсын деп әдейі көрсетіп отыр.

Елена Степаненко - ҚР Мемлекеттік істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:


-  Бүгін ел бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудің бірыңғай сағаты өтуде. Ол жемқорлыққа қарсы күрес заңының 20 жылдығына арналған. Біздер барлық оқу орындарында осындай кездесулер өткізіп, бармақ басты көз қыстылықтың арты соқпақты екендігін жастарға түсіндірудеміз. Осындай кішігірім ғана роликтен жастар сабақ алады деген ойдамын. Оқушыларға мемлекеттік қызметшілерге тарту ретінде берілетін шағын сыйлықтардың өзін беруге болмайтындығын түсіндірдік. Ол мамандардың аранын ашуға сеп болады.

Ауруды емдегенше, ауырмаудың жолын ізде демекші, қазір көптеген шаралар жемқорлықтың алдын-алуға бағытталған. Сондықтан оқушыларға тағы кей елдерде пара алушыларға өлім жазасы қарастырылатындығы да айтылды. Жастар бұл тым қатал деп есептейді. Олар елімізде қолданылып жатқан шара аясында - жемқорлардың алған ақшасын мемелкетке 60 есе өсіріп қайтаратынын қолдап отыр.

Дастан Әбілмәжінов - №2 орта мектептің оқушысы:

- Қанша ақша алсаң да, соның бәрін қайтару керек. Ол заңнан тыс шыққан еді.


Елизавета Бубенко - №2 орта мектептің оқушысы:

- Жемқорлық ел дамуына кедергі келтіретін басты фактор. Ең алдымен ол экономикаға кері әсерін тигізеді. Менің ойымша, әр адам жұмысын адал істеуі керек.

Жалпы өңірімізде жемқорлық фактілері ең көп кездесетін салалардың арасында - құқық қорғау, жер, құрылыс және сәулет ведомствалары бар. Ал сандарға келер болсақ, өткен жылы бармақ басты көз қыстылыққа жол берген 15 солтүстікқазақстандықты қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Магжан Ахмадина