Қоғам

«Еңбекпен қамту – 2020» бағдарламасы

 

 

Владимир Рудченко 2005 жылы аспазшы курстарында оқыған екен. Дегенмен одан кейін 27 жастағы азамат тұрақты жұмысқа орналаса алмаған. Ол аталған бағдарлама жайлы еңбек биржасында естіген көрінеді. Еңбекпен қамту орталығына келген Владимирді бос жұмыс орны ғана емес, тегін қайта даярлау курстары да қызықтырыпты.

Владимир Рудченко:
-Мұнда бағдарлама аясында тегін курстарда білім алуға болатынын білдім. Мүмкіндікті пайдаланып, жүргізуші мамандығын меңгергім келеді. Енді тиісті құжаттарды жинаймын.
Тағы бір тиімді тұсы, оқып болғаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары.

2011 жылдың шілде айынан өңірімізде «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы жүзеге асуда. Бұл екі қолға бір күрек таба алмай жүрген азаматтардың жұмысқа орналасуына және тегін кәсіби білім алуына септесті. Мәселен, өткен жылы 1 685 адам Петропавл қаласының еңбекпен қамту орталығының көмегіне жүгініпті. Олардың 968-і тұрақты және 308-і уақытша жұмыс орнын тапты.

Гуля Шнетова, Петропавл қаласының жұмыспен қамту орталығының бөлім бастығы:
Бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 43млн 200 мың тг бөлінді. Жұмыс орнын ұйымдастыру мақсатында 2011 жылы 21 млн 450 мың теңге жұмсалды. Ал азаматтардың техникалық мамандықты игеруі үшін 21,8 млн теңге бағытталды. Қаладағы кәсіпорындармен, өзге де мекемелермен 34 келісімшартқа қол қойдық.

Бағдарлама тұрмыс қауқары төмен жанұяларға да үлкен көмек болып отыр. Петропавл теміржол көлігі колледжінде 2 мамандық бойынша 60 студент білім алуда. Олардың тегін білім алып, үлкен сұранысқа ие кәсіпті меңгеруі бағдарламаның жүзеге асуы арқасында мүмкін болып отыр

Анар Увалеева:
“Жұмыспен қамту 2020″ бағдарламасы болғаны қуантады. Өйткені тегін оқып, осы мамандық бойынша болашақта жұмысқа орналасамыз. Ай сайын шәкіртақы алып отырамыз. Бұл да мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан үлкен көмек.

Полина Юнашева:
Мұнда оқыған маған ұнайды. Кабинеттер керекті құрылғылармен толық жабдықталған. Мамандығымыз өте қызықты. Осы бағдарламаның арқасында алдағы уақытта бізге жұмыс та тауып береді.

Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамту- 2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін республика қазынасынан 42 млн 812 мың теңге көлемінде қаржы бөлініпті

Айдана Демесінова